Балағат сөз айтты: Павлодар облысында әдеп жөніндегі уәкілдің басы дауға қалды

Ол этикалық кодекс нормаларын бұзғаны үшін жазаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әдеп жөніндегі кеңесте Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары әрі әдеп жөніндегі уәкілінің тәртібі қаралды. Ол былтырғы жылдың 13 желтоқсанында Шалдай филиалы Бірінші май орманшылығында жұмыстан тыс уақытта, яғни кешкі сағат 19:00-20:00 уақыт аралығында резерваттың төрт қызметкерімен дөрекі сөйлесіп, сыбайлас жемқорлық бойынша негізсіз айып тағып, балағат сөздер айтқан.
Сөз естіген резерват қызметкері инспекция басшысы орынбасарының жасаған іс-әрекеті этикалық нормаларға сай емес екенін түсініп, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облысы бойынша депаратаментіне шағым түсірген. Алайда әдеп жөніндегі уәкіл оған қатысты айтылған айыппен мүлдем келіспеді.
– Менің атыма тағылған төрт айыптың барлығы жалған және шындыққа жанаспайды. Сол сәтте жыл бойынша кешенді тексеру жүргіздік. Біз орман жымқыру фактісін анықтадық. Шарбақты сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы үкімі бар. «Ертіс орманы» резерваты үлкен. Оны екі үш күнде тексеріп, үлгере алмаймыз. Сол себепті қасымыздағы «Ертіс орманының» адамдарымен бірге жұмыстан тыс уақытта да тексеріс жүргіздік, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары.
Алайда резерваттың үш қызметкері олардың тарапына айтылған балағат және дөрекі сөздер айтылған деген пікірінен таймады.
Сол күні болған оқиғаның бейне және аудио фиксациясы тіркелмеген, себебі әдеп жөніндегі уәкілде бейне жетон болмаған. Әдеп жөніндегі кеңес бұл жайтты және жұмыстан тыс уақытта тексеріс жүргізгенін ескеріп, Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспецияда 2024 жылдың маусым айынан жұмыс атқарып жатқан басшының орынбасарына ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Ол ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданады