Павлодарда босанған ана тоғызыншы қабаттан секірмек болды
Оның мұндай әрекетке баруына босанғаннан кейінгі күйзеліс себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 шілдеде сағат 13.30 шамасында полиция пунктіне әйел адам жүгіріп келіп, Естай көшесі, 101/2 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тоғызыншы қабаттағы терезесінен әйелдің секіргісі келетінін хабарлаған. Учаскелік полиция инспекторлары Әсет Құрманғалиев пен Ільяс Қамерден ойланбастан аталған үйге қарай жүгірген.
– Кіреберістің терезесінде әйел адам тұрғанын байқадық. Тұрғындар оған төменнен «ойлан» деп айқайлады. Біз уақытты жоғалтпай, қорқытып алмау үшін баспалдақпен тоғызыншы қабатқа көтерілдік, онымен сөйлесе бастадық. Аты кім, қайдан екенін және не болғанын сұрадық. Ол сұрақтарға жауап беріп жатқанда жақынырақ барып, бізге қарауын өтіндік. Ол еңкейіп, бізге қарады, – деді полиция капитаны Әсет Құрманғалиев.
Тәртіп сақшысы қолын беруді өтінген, әйел адам қолын созғанда оны кіреберіске апарған. Әйел адам полицейлерді ұстап, төмен түсіп бара жатқанда өзін «жаман анамын» және ешқашан жақсы болмайтынын айта бастаған.
Инспекторлар оны тыныштандырып, бәрі жақсы болатынын және оны жақсы көретін, әрқашан қолдайтын туыстары үйде күтіп отырғанын айтқан. Әңгіме барысында оның бір баласы бар екені анықталды.
Полицейлердің айтуынша, оларға өмірден үміт үзген әйелді қорқытып алмау маңызды болған. Себебі, бір секундта қиын жағдай орын алуы мүмкін еді. Оның мұндай әрекетке баруына босанғаннан кейінгі күйзеліс себеп болған.
– Азаматтарға көмектесу – тікелей міндетіміз. Біздің қатарымызға қосылған қызметкерлердің бәрі полиция қызметі жанқиярлықты, батылдықты, адамдар үшін өмір мен денсаулықты қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді, – дейді тәртіп сақшылары.
Полиция әйел адамды денсаулық сақтау органдарының мамандарына тапсырды.