Павлодарлықтар автобус аялдамаларының дұрыс хабарланбауына наразы

Павлодарлықтар автобус аялдамаларының дұрыс хабарланбауына наразы
Фото: Константин Шелков

Қоғамдық көліктерде облыста атымен жоқ «Мағжан Жұмабаев атындағы университет» аялдамасы пайда болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

- Неліктен автобустарда аялдамалар дұрыс айтылмайды? Мысалы, Марғұлан атындағы педагогикалық университетті «Мағжан Жұмабаев атындағы университет» деп атайды. Бұл екі тұлға мүлдем басқа адамдар. Екеуінің өмір жолы, бағыты екі бөлек. Бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Марғұлан археолог болса, Жұмабаев педагог, ақын, - дейді павлодарлық.

Сонымен қатар, өңір тұрғыны өзге аялдамалар да дұрыс айтылмайтынын атап өтті.

- Павлодарда «Пионерская» деген көше жоқ, ал информаторда «Пионерская» көшесі десе, Чехов атындағы драма театрды - Чехов көшесі және т. б. Бұл үшін кім жауап береді? Кімге хабарласуға болады? Әкімдікке жаздым, бірақ жауап жоқ, - деді ол.

Аталған мәселеге қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ мәселелері бөлімі жауап берді. Онда автобус паркінің басшылығы аялдамалардың дауысын түзету жұмыстарын жүргізіп жатқанын және жақын арада дұрыс дауыс беру қалпына келтірілетіні айтылған.