Павлодарда досының туған күніне кетіп, үйіне оралмаған жасөспірім табылды
Оны әкесі екі тәулік бойы өзі іздеп табуға тырысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда Павлодар қаласының полициясына ер адам кәмелетке толмаған ұлының жоғалып кеткені туралы хабарласып, көмек сұраған. Оның айтуынша, ұлы досының туған күніне кеткеннен кейін үйіне қайтып оралмаған. Баласын өз бетінше іздеуге тырысқан әке полициядан көмекті тек екі тәуліктен соң сұраған.
– Павлодар облысы ПД қызметкерлері жедел түрде іздестіру шараларын ұйымдастырды. Бағдарламалар әзірленіп, аумақтық бөлімшелерге және облысқа шекаралас өңірлерге жолданды. Нәтижесінде үш сағаттың ішінде жасөспірім Ладожская көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан табылды. Тексеру барысында жасөспірімнің демалыс күндерін достарымен бірге өткізгені, ал ұялы телефонын әдейі өшіріп қойғаны анықталды. Ол өз әрекетінің себебін нақты түсіндіре алмай, кейде эмоцияға беріліп, көшеде қыдырғысы келетінін ғана айтқан. Ата-анамен және жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізілді, – делінген хабарламада.
Айта кету керек, жыл басынан бері жедел қызметтердің күшімен 12 хабар-ошарсыз кеткен адам табылып, үйлеріне қайтарылды.
Полиция ата-аналарды балаларға көбірек көңіл бөлуге, олардың айналасы мен бос уақытын бақылауда ұстауға шақырады. Сондай-ақ өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет екенін ескертеді. Әрбір жоғалған минут бала үшін қосымша қауіп болмақ.