Павлодарда егін науқанына арналған дизель отынының өңірлік операторлары анықталды
Биыл егін жұмыстарына 27 мың тоннадан астам дизель бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында 2026 жылғы көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар айқындалды.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасында аймақтық операторларды айқындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Байқауға қатысуға 3 компания өтінім берген. Соның ішінде балдық жүйе бойынша бағалау нәтижесінде «LF TRADE» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС лайық деп танылып, биыл шаруаларды арзандатылған сұйық отынмен қамтитын өңірлік оператор атанды.
– Арзандатылған дизель отынының бағасы 1 литріне – 275 теңгені құрайды. Оның 1 тоннасы – 327 970 теңге. Аталған баға орташа нарықтық құннан 15%-ға төмен, - делінген хабарламада.
Мониторинг деректеріне сәйкес, дизель отынының орташа нарықтық бағасы шамамен литріне 322 теңгені құрайды.
Айта кетелік, биыл Павлодар облысына бөлінген дизель отынының жалпы көлемі – 27 272 тонна. Оның 6 827 тоннасы наурыз айына арналса, сәуірге – 12 285, ал мамыр айына 8 160 тонна бөлінді.
– Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармай материалдарымен уақытылы қамтамасыз етіп, көктемгі егін жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік береді, - дейді басқармадағылар.
Әрі жауапты мекеме ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай материалдарын уақытылы алуға шақырады.