Павлодарда күзетші 6-сынып оқушысын ұрған

Салдарынан кәмелетке толмаған бала ауруханаға жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала мектептерінің бірінде кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеру басталды.
– 19 ақпанда мектеп күзетшісі мас күйінде 6-сынып оқушысының кеудесіне соққы жасағаны анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, – деді департаментте.
Сонымен қатар, оқиғадан кейін күзетші медициналық айықтырғышқа орналастырылды. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл салынды.
Сондай-ақ, полиция облыстың білім беру басқармасына күзетшінің жұмыс орнында осындай жағдайда болуына жол берген мектеп басшылығын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолдады.