Павлодарда екінші теннис орталығы ашылды

Павлодарда екінші теннис орталығы ашылды

Қала тұрғындары кешенде теннистен басқа, волейбол және футбол ойнауға келе алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Рүстем Сәбенов 2013 жылы «ЮрРеалСтрой» компаниясын құрып, «Дос» автосервисін ашу үшін «Даму» қорына жүгінген. Кейін кәсіпкер тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қаланың арғы шетінде тағы бір теннис кортын құруды ойлай бастаған.

– «DOS ARENA» спорт кешенінің ғимаратын нөлден бастап салдым. Өзім бұрын спортшы болғандықтан, спорт саласын таңдадым. Орталықты салған адамдар футбол, волейбол және тенниске арналған жабдықтарды бір залға орналастыруға  кеңес берді, – дейді кәсіпкер.

Осылайша Рүстем Сәбенов екі жыл бұрын «ForteBank» АҚ-тан қырық миллион теңге несие алған. «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені сегіз пайызға дейін төмендетуге көмектесіп, 19 миллион теңгенің кепілдігін сақтап,жобаны жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік берген.

– Жабық футбол алаңын, сондай-ақ теннис және волейбол алаңдарын құру арқылы облыстың спорт инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қостық. «DOS ARENA» есіктері кез келген уақытта барлығына ашық, – дейді кәсіпкер. –Бізге бампербол шарлары да бар.Балалар бампербол ойнап, туған күндерін тойлауға жиі келеді. Үлкендер де қалыс қалмайды.

Кешен енді ғана ашылғандықтан, залды жалға алуға жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бір сағат теннис ойнау үшін бес мың теңге төлейсіз.

Рүстем Сәбенов жақын арада «Baby tennis» шығаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, бұрынғы спортшы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған волейбол, футбол, теннис үйірмелерін ашпақ. Ол үшін жаттықтырушылар іздестірілуде.

Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі