Павлодар ауданында Ұлттық ұлан оркестрі майдангердің ауласында ән шырқады

Павлодар ауданында Ұлттық ұлан оркестрі майдангердің ауласында ән шырқады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Әуезді әнге сілтідей ұйыған аула тұрғындары өнерпаз әскерилерге қызығушылық танытып, қошемет танытты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Матюшинаға барды. 6679 әскери бөлімі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангер шаңырағына ат басын бұрды. Әскери бөлім оркестрі ардагер ауласында соғыс әндерін шырқады. Алғыс хатпен мадақталып,  сый-сыяпатқа бөленген  қария  әскери қызметшілерге ақ батасын берді. Ал ұландықтар соғыс ардагеріне елімізді қорғап, болашағымызды азат еткен өр тұлғалы ерлігі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Біздің бүгінгі басты міндетіміз әрі парызымыз  – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына қамқорлық көрсету, олардың ерліктері үшін шексіз алғысымызды білдіру. Сондықтан әскери бөлім оркестрі де қарияның көңілін аулап, бойын сергіту мақсатында соғыс жылдардағы әуезді әндерден попурри орындады. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйіне келіп, жағдайын сұрап тұрамыз, байланысымыз үзілген емес, – дейді 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Назбек Мәліков.   

Мария Матюшина 1926 жылы 19 қаңтарда жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1942 жылы он алты жасында Новомосковск қаласына тәжірибеге келіп, ата-анасынан жасырын түрде әскери маскировка курстарына ерікті болып жазылады. Жауынгерлік жолында қорғаныс құрылысы басқармасының 225 құрамында, 104 әскери құрылыс жасағының құрамында Беларуссияға дейін  жетеді. Ардагер жеңісті Финляндия шекарасында қарсы алған. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін отау құрып,  үш ұл мен бір  қыз тәрбиелеп өсіреді.  Кейуананың 11 немересі, 29 шөбересі, үш шөпшегі бар.