Павлодарлық студент Азия чемпионатының жүлдегері атанды
Байқауға 170-тен астам спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің өнер және спорт жоғары мектебінің 1-курс студенті Егор Есенко Ташкент қаласында спорттық акробатикадан өткен 13 Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Байқауға Гонконг, Үндістан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 170-тен астам мықты акробат қатысты.
Дене шынықтыру және спорт тобының студенті Егор Есенко Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Анастасия Сельскаямен 13-19 жас аралығындағы аралас жұпта өнер көрсетті. Спортшылар жұптық жеке жұмыста да, барлық жаттығуларда тамаша хореографиялық және техникалық дайындықтарын көрсетіп, жарыстың күміс жүлдегерлері атанды.
№1 спорт мектебінің жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Светлана Әубәкірованың айтуынша, Егор мен Анастасия төрт жылдан бері жұп болып жаттығады.
– Бұл біз үшін бірінші Азия чемпионаты болды, жоспардың барлығын жақсы орындадық. Егор мен Анастасия - керемет ерік-жігері бар, өте мақсатшыл спортшылар. Олар өздерінің табандылығымен және спортқа деген адалдығымен бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін, – дейді Светлана Юрьевна.
Айта кету керек, қыркүйек айында спортшылар Великий Новгород қаласында өткен халықаралық спорттық акробатика турниріне қатысты. Олар Ресей, Беларусь және Қазақстанның қарсыластары арасында екінші орынды жеңіп алды. Сол жерден бірден Қазақстан Республикасының жастар чемпионатына Петропавл қаласына аттанып, жарыстың күміс жүлдегерлері атанды. Қазіргі уақытта олар қараша айында Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындалуда.