Павлодарда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инклюзивті сабақтар басталды

Павлодарда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инклюзивті сабақтар басталды
Фото: ұйымдастырушылар

Арт-терапия мен әлеуметтік бейімдеу мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға арналған ауқымды инклюзивті жобаның бір бөлігіне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы, денсаулығына байланысты көп уақытын үйде өткізуге мәжбүр болған жастар қатысады.

Шеберлік сабақтары «Алтын Бата» қоғамдық қорының жобалық кеңсесінде өтуде. Қатысушылар әлеуметтік бейімдеу сабақтарында бірге қарапайым тағамдар әзірлейді. Мысалы, жұмыртқа мен шұжық қуыруды үйренеді, дастарқан жаюды меңгереді.

Сырттай қарағанда бәрі қарапайым көрінеді. Алайда көптеген қатысушы үшін бұл - үлкен тәжірибе. Күнделікті өмірде олардың көбі құрдастарымен сирек араласады.

Алғашында тыныштық пен сақ көзқарастар байқалады. Кейін қысқа әңгімелер, ұяң күлкі пайда болады. Біртіндеп әңгіме де өрбиді.

Сұлтан Ермұханов жақында 18 жасқа толады. Ол жобаға белсенді қатысып, жаңа достар табуда.

- Ұлым жоба басталғаннан бері қатысып келеді. Арт-терапияға да, әлеуметтік бейімдеу сабақтарына да барады. Оған сазбен жұмыс істеу өте ұнайды, бұл іс оны ерекше қызықтырады. Қолынан бұйым шыққан сайын қуанып, тағы жасағысы келеді. Әлеуметтік бейімдеу сабақтарынан кейін үйде де қызығушылығы ояна бастады. Ең бастысы, балалар бір-біріне қарап, үйреніп, алға ұмтылады, - дейді қатысушының анасы Алма Омарова.

Сабақтарда ешкім асықтырмайды және бағаламайды. Қателесуге, үнсіз қалуға, қайтадан тырысып көруге болады. Біртіндеп балалардың бойында сенім пайда болады: біреуі әзілдей бастайды, біреуі көмектесуді ұсынады, енді бірі жай ғана жанында отырып қалады. 

Арт-терапия сабақтарында қатысушылар шығармашылықпен айналысады. Алғашқы сабақтардың бірінде олар қыш шеңберінде жұмыс істеп, саздан бұйымдар жасады.

Жылы әрі икемді саз әр қимылға жауап береді: біреу оны қатты қысады, біреу керісінше ұстауға қорқады. Бірақ бірнеше сабақтан кейін қолдары сенімдірек, қимылдары еркін бола бастайды.

Алда қатысушыларды 20 сабақ күтіп тұр: оның 10-ы әлеуметтік бейімдеуге, 10-ы арт-терапияға арналған.

- Мұнда «дұрыс» мүсіндеуді үйретпейді. Мұнда адам ішіндегі сезімін жеткізуге мүмкіндік алады. Біреу үшін бұл - алаңдаушылық, біреу үшін - қуаныш, ал кейбірі үшін - өзге адамдармен бірге болып, өзін артық сезінбеу, - дейді «Алтын Бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельвага. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сабақтар тек қарым-қатынас дағдыларын дамытып қана қоймай, оқшаулану сезімін азайтады. Көптеген қатысушылар үшін бұл - үйреншікті тұйық кеңістіктен шығып, қоғамның бір бөлігі екенін сезінудің сирек мүмкіндігі. 

Еске сала кетейік, жоба Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Инклюзия және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау» бағыты аясында жүзеге асырылуда. Жоба аясында кемінде 900 қатысушыкға, олардың отбасыларына және мамандарға көмек көрсету жоспарланған.

Алдағы уақытта облыс қалалары мен аудандарында көшпелі кездесулер, сондай-ақ мамандарға арналған оқыту семинары өткізіледі.