Павлодарда есірткіге қарсы квест-ойын өтті

Павлодарда есірткіге қарсы квест-ойын өтті

Іс-шараға мектеп оқушылары арасынан құрылған командалар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Мәшһүр Жүсіп атындағы мектепте жасөспірімдер арасында есірткі заттарын қолдануға және таратуға қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған есірткіге қарсы квест-ойын ұйымдастырылды. 

Қатысушылар үшін есірткілік  құқықбұзушылықтардың алдын алудың маңызды қырларын ашатын бірнеше тақырыптық станциялар дайындалды: «Спорт есірткіге қарсы» – зиянды әдеттерге балама ретінде салауатты өмір салтын және дене белсенділігін насихаттайтын станция. «Тәуелділік дәлізі» – тәуелділіктің қалай көзге көрінбей және қауіпті түрде қалыптасатынын көрсететін шартты маршрут. «Өзіңе және жақыныңа көмектес» – қиын жағдайларда қолдау көрсету және жауапты әрекет ету дағдыларын үйрететін алаң. 

Квестің ерекше элементі – кинологиялық қызметтің «Блонди» атты қызметтік-іздестіру итінің қатысуы болды. Ол командаларға интерактивті сұрақтар мен тапсырмалар ұсынып, есірткі айналымына қарсы күресте кинологтардың рөлін көрсетті. 

Квест-ойын Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің өкілдері өткізген дәріспен аяқталды. Дәріс барысында кәмелетке толмағандардың есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнамасында көзделген жауапкершілік түсіндірілді. 

– Іс-шараның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларда салауатты өмір салтына деген берік көзқарас қалыптастыру және жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуына жол бермеу, – деді облыстық полиция департаментінде.

Төрт аяқты полиция көмекшісі «Блонди» салтанатты түрде «Ашық жүрек» волонтерлік отрядының қатарына қабылданып, медальмен марапатталды.