Павлодарда мерген оқушылар анықталды

№ 25 мектепте кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 36 жылдығына арналған «Мәңгілік ел ұланы» атты қалалық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Ауған соғысы ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Байғабыл Майкотов, оның орынбасары Төлеген Көкімбаев қатысты.
Қаланың 30 жалпы білім беретін мектебінің 100-ден астам 10-сынып оқушысы автоматтан ату - «Рубин» ЛТ -110 АК лазерлік тренажеры, АК-74 бөлшектеу және құрастыру, оқтарды алу және жабдықтау бойынша білімдерін көрсетті.
– Жарысқа қатысушылар ату дайындығы, алғашқы әскери және технологиялық дайындық бойынша өз шеберліктерін паш етті. Аталған іс-шаралар оларға әскери қызметке дайындалуға, қаруды қолдана білуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Байғабыл Майкотов.
Оқушылардың өнеріне Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдіскері Қадырбек Раисов, № 25 мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық жетекшісі Мұхтар Жақсылық төрелік етті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Б.Момышұлы атындағы мектеп командасы, екінші орынды № 5 мектеп командасы және үшінші орынды № 18 ЖОМ командасы иеленді.