Павлодарда инватакси қызметіне қаржыландыру артты

Павлодарда инватакси қызметіне қаржыландыру артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қызмет алушылар саны едәуір өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аутизм спектрінің бұзылулары мен ақыл-есі кем адамдарға арналған жаңа инватакси қызметі биылғы наурыз айынан бастап көрсетілуде. Қызмет алушылар санының едәуір өсуіне байланысты, қалалық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, жалпы сомасы 12 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді.

Мемлекеттік сатып алуға екі ықтимал жеткізуші қатысты. Нәтижесінде, аутизм спектрі бұзылған және ақыл-есі кем азаматтарға инватакси қызметін көрсету бойынша жеңімпаз ретінде шымкенттік «Ел-Мұраты» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі анықталды. Шарт сомасы 10 миллион 882 мың теңгені құрады.

– 8 қыркүйекте техникалық сипаттамаға сәйкес жеткізуші тарапынан инватакси қызметін көрсетуге арналған 5 көлік құралы және қызмет алушылардың өтінімдерін қабылдайтын диспетчерлік кеңсе тексеруге ұсынылды. Қызметтер 12 қыркүйектен бастап көрсетілуі тиіс болатын. Алайда, 11 қыркүйекте жеткізуші диспетчері жұмысқа шықпағандықтан, бұрын берілген өтінімдер жеткізушіге жеткізілмей қалды, соның салдарынан 12 қыркүйек күні көптеген қызмет алушылар инватакси қызметін пайдалана алмады. Өтінімдер орындалмағаны үшін барлық шығындар жеткізуші тарапынан өтелетін болады, – деп жауап берді қала әкімдігінде.

Бүгінгі күннен бастап жаңа диспетчер жұмысқа кірісті. Ол өтінім қабылдау мен қызмет көрсету жұмыстарын қалыпты режимде жүргізеді. Диспетчердің жаңа телефон нөмірі қызмет алушылар топтарында жарияланады.

Жеткізушіге шарттық міндеттемелерді орындау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда, шартты біржақты бұзу және жеткізушіні адал емес жеткізушілер тізіліміне енгізу үшін сотқа жүгіну қарастырылатыны ескертілді.