Павлодарда IT-хакатон өтеді: жүлде қоры – 2 миллион теңге
Жастар жасанды интеллект көмегімен қаланы көркейту мен мемлекеттік мекемелерге арналған жобалар ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Pavlodar Hub» ұйымының мәліметінше, 28 қазан мен 2 қараша аралығында қалада «Pavlodar Hackathon Fest» хакатоны өтеді. Ауқымды шараны Павлодар қаласының әкімдігі «i-GLOBAL.corp» компаниясымен бірлесіп, «Pavlodar Hub» қолдауымен ұйымдастыруда. Жобаға студенттер, жас мамандар, әзірлеушілер, дизайнерлер мен IT саласына қызығушылық танытушылар қатыса алады.
Хакатонда екі негізгі бағыт (трек) бойынша тапсырмалар беріледі:
- Мемлекеттік мекемелерге арналған AI-ассистент жасау;
- Павлодар қаласын көгалдандыруға арналған жасанды интеллект шешімдерін ұсыну.
Сайыс барысында қатысушыларға менторлық қолдау көрсетіліп, IT-сарапшылардың дәрістері, квиздер мен жобаларды қорғау кезеңі ұйымдастырылады. Қатысушы командалардың капитандары үшін жас шектеуі — 16 жас.
Іс-шара 28 қазанда Жастар бастамаларын дамыту орталығында басталады. Қатысу үшін «i-GLOBAL.corp» парақшасындағы сілтеме арқылы тіркелу қажет.