Сапалы кадр: Екібастұзда халықаралық тәжірибе қолданылмақ

Сапалы кадр: Екібастұзда халықаралық тәжірибе қолданылмақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеншілер қаласында түлектермен өзара іс-қимылдың жаңа форматын әзірлеу міндеті қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Іnstagram әлеуметтік парақшасында жазды.

– Әріптестерімен бірге соңғы бес жылда жергілікті оқу орындарын аяқтап, диплом алған түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша талдау жүргізу нәтижесінде бұл бағытта жұмыстың әлсіз жүргізілетіні  белгілі болды. Қала кәсіпорындарында білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалуда. Соңғы бес жылда бес мыңнан астам маман диплом алып, оқу орнын бітірген, дегенмен олардың 20%-ы жұмысқа орналастырылмаған, – дейді  Аян Бейсекин. 

Сондай-ақ, ол шетелдік жоғары оқу орындарында өз түлектерінің мансап жолындағы жетістіктерін қадағалайтын жақсы тәжірибе бар екенін атап өтті. 

– Себебі, оның ішінде ЖОО-ның немесе мамандандырылған арнайы оқу орнындарының имиджі мен рейтингі оқу орындары түлектерінің жетістіктеріне байланысты. Бұл ретте ғылыми жаңалықтар немесе авторлық жобалар үшін Нобель, Пулитцер, Букер және басқа да беделді сыйлықтары мен мансап жолындағы, өз бизнесін құрудағы жетістіктері  ескеріледі, – дейді Аян Бейсекин. 

Екібастұз қаласының әкімі жауапты мемлекеттік қызметшілер мен оқу орындарының басшыларының алдына халықаралық тәжірибені ескере отырып, түлектермен өзара іс-қимылдың жаңа форматын әзірлеу міндетін қойды. Маманның өз кәсібі бойынша толық бекітілгенге дейін қадағалау және сүйемелдеу, мектеп түлектері арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейту тапсырылды.   

– Өйткені олардың арасында туған өлкенің дамуына өз үлесін қосуға қабілетті таланттар бар екеніне сенімдімін. Сайып келгенде, басты міндет – еңбек нарығын сапалы кадрлармен, ең алдымен техникалық бағыттағы мамандармен қамтамасыз ету. Біз қала құраушы кәсіпорындардың қатысуымен дуалды білім беру жүйесін кеңейту бойынша жұмыс істейміз, өйткені олар білікті мамандарға бірінші болып қызығушылық танытады, – деп атап өтті қала әкімі. 

Айта кетерлігі, қалада қолда бар бос жұмыс орындарынан басқа, білікті жұмыс күшін қажет ететін бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 1500-ге жуық жұмыс орны пайда болады.