Павлодарда көшеде темекі сұрап мазаны алған әйел жауапқа тартылды
Оның бұл әрекетін ұнатпаған қала тұрғыны тәртіп сақшыларын шақырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Лермонтов көшесіндегі аулалардың бірінде 40 жастағы тұрғын өтіп бара жатқан адамдардан темекісін тұтатып беруді өтінген.
– Облыс орталығының тұрғыны мас күйінде өтіп бара жатқан адамдардың соңынан қалмаған. Ол темекі іздегенін айтқан. Әйел адам қоғамдық жерде жұрттың мазасын алғаны үшін жауапқа тартылды. Бірінші рет ескерту жасалды, – деді департаментте.
Егер құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
Егер іс-әрекеттерді шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаса, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкімшілік шығарып жіберуге әкеп соғады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша қоғамдық орындарда қудалау үшін 1037 факт тіркелді, құқық бұзушылар түрлі жазалау шараларына тартылды.