Май ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі

Май ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі
Фото: Е. Мұқашев атындағы орта мектептен

Қазіргі таңда Май ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 76 оқушы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен оқу жылында Е. Мұқашев атындағы орта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Кабинетте оқушылардың жеке ерекшеліктері ескеріліп, олардың оқу үдерісіне бейімделуіне, қабілеттерін дамытуына және мектеп ортасында өзін еркін сезінуіне қажетті психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.

Бүгінде ауданда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 76 оқушы бар, оның ішінде 11 бала үйде оқытылады. Оқушылардың оқу үдерісіне бейімделуіне жеті педагог-ассистент қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, аудан мектептерінде екі логопед пен бір дефектолог жұмыс істейді.

Инклюзивті білім берудің сапасын арттыру үшін педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге де басымдық берілуде. Соңғы үш жылда 96 педагог инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстардан өткен.

Инклюзия ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытумен ғана шектелмейді. Бұл – әр оқушы өзін қауіпсіз әрі еркін сезінетін, өзара құрмет пен қолдауға негізделген білім беру ортасын қалыптастыру.

Май ауданында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыту арқылы әр баланың білім алуға, қабілетін ашуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау көзделіп отыр.