Павлодарда мектеп автобустарының жай-күйі бақылауға алынды
Басты талап - барлық автобустар заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мектеп автобустарының техникалық жағдайын ауқымды түрде тексеріп, білім беру ұйымдары маңындағы көшелік жол инфрақұрылымын зерделеді. «Балалар, назар аударыңдар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, барлық автобустар заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Атап айтқанда, көліктерде бейнебақылау камералары, қауіпсіздік белдіктері, өрт сөндіру құралдары және қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған пандустар болуы қажет. Автопаркте жүргізушілер міндетті түрде рейс алдындағы медициналық тексеруден өтетін медициналық кабинет жұмыс істейді.
– Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – полицияның басты басымдығы. Жолаушылар тасымалына бақылауды жүйелі түрде күшейтіп, жол белгілері мен таңбаларын жаңартып, заманауи технологияларды енгізіп жатырмыз. Ата-аналар мен педагогтердің де балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі ескертіп отырғаны маңызды, – дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Балалардың жол-көлік жарақатын азайтып, оқушылардың мектепке қауіпсіз жетуін қамтамасыз етуге полиция мен қоғамның бірлескен күш-жігері ғана мүмкіндік береді.