Павлодарлық спортшы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында «қола» жүлдегер атанды

Павлодарлық спортшы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында «қола» жүлдегер атанды
Фото спортшының жеке мұрағатынан

Светлана Дымовских 35-39 жас аралығындағы әйелдер арасында 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден үшінші орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің әр елінен әртүрлі жас санатындағы спортшылар қатысуда.

Светлана Дымовских үшін әлем чемпионатына қатысу спорттық мансабындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Павлодарлық спортшы жеңіл атлетикамен айналысады. Ол – үш биатлоншының анасы. Спортшылар отбасында спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Светлананың жұбайы Александр – Қазақстанның тау велосипед спорты бойынша ұлттық құрамасының бас бапкері.

Спортшы әлем чемпионатына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның он дүркін чемпионы және ірі халықаралық жарыстардың жүлдегері Виктор Бондарьдың жетекшілігімен дайындалды.

Светлана чемпионаттың алғашқы күндерінде кедергілер арқылы жүгіруді таңдағанын айтты. Оның мақсаты – әлемдік додада бағын сынап қана қоймай, бұған дейін өзі орнатқан Қазақстан рекордын жаңарту.

– Мен жаңа жас санатына ауысып жатырмын. Сондықтан енді Азия рекорды үшін күрескім келеді. Стипль-чез – техникалық тұрғыдан өте күрделі спорт түрі, мұнда бар күшіңді жүз пайыз жұмсауға тура келеді. Осындай жарыстарға дайындалу үшін Павлодарда жағдай жасалса екен деймін, – дейді спортшы.

Финалдық жарыс күндізгі сағат үштер шамасында басталды. Ол кезде Тэгуда аптап ыстық болып, ауа райы жарыс барысына айтарлықтай әсер етті.

– Алдын ала нәтижелерге қарап, ең жақсы жағдайда үздік бестікке кіре алатынымды түсіндім. Үшінші орын үшін күрес өте тартысты өтті. Қашықтықтың басым бөлігінде Абу-Даби спортшысымен иық тірестіріп жүгірдік. Тек бесінші, соңғы айналымда қалған күшімді жинап, мәреге қарай барымды салдым. Қарсыласым қарқынға шыдай алмай, артта қалды. Оған ыстықтың әсері тиген шығар, мүмкін өзі де шаршай бастаған болар. Маған да физикалық тұрғыдан өте ауыр болды. Ауа райына байланысты дайын болған жылдамдығымды көрсете алмадым, – деді павлодарлық спортшы.

Светлана 8 минут 48,93 секунд нәтиже көрсетті. Мәреге жеткеннен кейін спортшы эмоциясын жасыра алмады.

– Медаль алғанымды түсінген кезде қатты таңғалдым. Кейін қуаныштан көзіме жас келді. Әлі күнге дейін әлемдік деңгейдегі мықты бәсекеде Павлодардан келген қарапайым әуесқой спортшының медаль жеңіп алғанына сене алмаймын. Әлем чемпионатына шынымен қатысқанымды әлі толық түсінген жоқ сияқтымын, – деп әсерімен бөлісті павлодарлық спортшы.

Спортшыға чемпионаттың атмосферасы да ерекше әсер қалдырған. Оның айтуынша, жарыстың ең есте қалған сәттерінің бірі – әр елдің өкілдері ұлттық тулары мен байрақтарын ұстап өткен қатысушылар шеруі.

Чемпионаттың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар төрт медаль жеңіп алды. Евгений Лабутов 40-44 жас аралығындағы спортшылар арасында диск лақтырудан жеңімпаз атанды. Спорттық жүрістен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Галина Якушева 35-39 жас санатында 10 шақырымдық спорттық жүрістен екінші орын алды. Александр Мамонтов 35-39 жас аралығындағы спортшылар арасында диск лақтырудан «қола» жүлдеге ие болды.

Светлана Дымовских үшін бұл нәтиже спорттық мансабындағы тағы бір маңызды қадам болды. Жаңа жас санатында ол жарыстарын жалғастырып, Қазақстан мен Азияның жаңа рекордтарын орнату үшін күресуді жоспарлап отыр.