Баянауыл ауданында жарты ғасыр бұрын салынған құбыр жаңғыртылады

Баянауыл ауданында жарты ғасыр бұрын салынған құбыр жаңғыртылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Барлық жұмыстар жазда тәмамдалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл Баянауыл ауданының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 3,5 миллиард теңгеден астам қаражаттың жұмсалуын көздейтін үш жоба әзірленді. Екібастұз қаласының мердігерлік ұйымы «Гидропром» ЖШС барлық жоба бойынша жеңімпаз атанды. Шоманкөл, Ж.Аймауытов, Шонай ауылдарында су құбырын салумен айналысады.

Бүгінде халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қол жетімділігі 94,9 пайызды құрайды. Ауданның 38 ауылының 22-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау көздері, 13-інде кешенді блок модуль қолданыста. 

– Ж.Аймаутов ауылында 70-ші жылдары салынған су құбыры тозығы жетті. Биыл оны жаңғыртуға 900 миллион теңге бөлінді. Құрал-жабдықтар жеткізілуде. Жұмыстар 10 маусымда басталады. Баянауылға жақын орналасқан Шонай ауылында 1,2 миллиард теңгеге су құбыры салынуда. Қазу жұмыстар басталып кетті, – деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев. 

Күркелі ауылдық округіне қарасты Шоманкөл ауылында 40-тан астам үй орналасқан. Ол жерде де таза ауызсуға қол жеткізу үшін құрылыс жұмыстары бастау алды. 

Еске сала кетейік, биыл жолдардың сегіз бағытын орташа жөндеуге облыс бюджетінен 2 323,9 миллион теңге қаражат бөлінді.