Павлодарда келесі жылы наурыз айында екі мектеп қолданысқа беріледі

Павлодарда келесі жылы наурыз айында екі мектеп қолданысқа беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша оқушы орындарының тапшылығын азайтуға қол жеткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.  

Өңірде балаларға қосымша білім беруге және олардың бос уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөлудеміз. Жақында балаларға арналған екі жаңа орталықты аштық. Сондай-ақ, Екібастұз қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Самғау» балалар шығармашылық орталығы келесі айда қолданысқа беріледі, – деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімінің айтуынша, Павлодарда 1200 және 600 орындық екі жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде, аталған екі білім ордасын келесі жылдың наурыз айында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.  

Жаңа әлеуметтік нысандарды салып жатсақ та, жұмыс істеп тұрған мекемелердің жай-күйі де басты назарда, – деп атап өтті Асайын Байханов. – Биыл 73 әлеуметтік нысанды жөндедік және 35 жаңа әлеуметтік нысан салынуда. 

Айта кетерлігі, павлодарлық оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстарда 84 медаль еншіледі. Павлодар облысының оқушылар командасы «2024 жылдың үздік олимпиадалық командасы» атағын жеңіп алды. Облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда екі мыңнан астам медальға қол жеткізді.