Павлодарлықтар алаштың асыл дәрігері Асылбек Сейітовті еске алды

Павлодарлықтар алаштың асыл дәрігері Асылбек Сейітовті еске алды
Фото: pexels.com

Шарада алаш дәрігерлері туралы тағылымдық дәрістер оқылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.тілшісі.

Алаш бағытындағы «Qyr Balasy» ғылым, білім қоғамдық қоры «Кереку» өкілдігінің жастары Павлодар медициналық жоғары колледжінде Алаш қозғалысының қайраткері, алаштың асыл дәрігері Асылбек Жұманұлы Сейітовтің 130 жылдығына орай «Алаштың - қайраткер дәрігері» атты танымдық шара өткізді. 

Шараның ашылуына Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы, қор мүшесі Ибраһим Қазбек домбырамен арнау арнады.

– Қаланың білім ордаларының студенттері, қор мүшелері «Ағайынды Сейітовтер», «Павлодар өңірінен шыққан тұңғыш дәрігер» атты бүкіл қазақ даласына аты жайылған Арын Сүлейменов туралы зерттеу дәрістерін оқыды, – деді аймақтық қор өкілі Абзал Рымбек. 

Дәрістің қорытынды сөзінде 20-ғасыр басындағы жалпы медицина туралы айтылды. 

Аталмыш шарада көпшіліктің назарына Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Асылбек Сейітовтің суреттерінен көрме ұсынды. Шара соңында «Qyr Balasy» ҚҚ Кереку өкілдігінің жастары Павлодар медициналық жоғары колледжінің кітапханасына және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшылығына «Алаш» баспасында жарық көрген кітаптарын табыс етті.