Ұлттық қор: Павлодарлық ата-аналар тізімінен баласын таппаса не істеу керек?
Бала төлемдерсіз қалмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «БЖЗҚ» АҚ ПОФ-ның директоры Владимир Питраков мәлім етті.
– Егер бала қандай да бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса және осы себепті бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмеген, онда нысаналы талаптар келесі күнтізбелік жылы өткізіп алған кезең үшін толық көлемде, инвестициялық кірісті қоса алғанда есептеледі, – деді Владимир Питраков.
Оның сөзінше, ата-анасы не заңды өкілі kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН теріп, оның мағлұматтарын көрмегенін байқаса, баланың жеке басын куәландыратын құжатын не туу туралы куәлігін тексеру қажет. Яғни, толық аты-жөні, туған күні, азаматтығы дұрыс көрсетілуі қажет.
– Құжаттарда сәйкессіздіктер, не қателіктерді байқасаңыз тұрғылықты жері бойынша ХҚКО жүгінген жөн. Ал азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе ол дұрыс көрсетілмеген болса, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек, – деді спикер.
Спикердің сөзінше, әзірге ондай шағымдар түскен жоқ. Ата-аналарда сұрақтар туындаса, олар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының байланыс орталығына 1418 нөмірі арқылы қоңырау шала алады.