Павлодарда көлік жуу орталығының қызметкерлері мас жүргізушіні ұстауға көмектесті

Павлодарда көлік жуу орталығының қызметкерлері мас жүргізушіні ұстауға көмектесті

Енді құқықбұзушы 15 тәулік бойы қамауда отырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодарда полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде басқарған жүргізушіні ұстады. Оқиға көлік жуу орталығы қызметкерлерінің қырағылығының арқасында анықталды.

Полицияның мәліметінше, көлік жуу орталығынан шыққан мас ер адамның күдікті қылықтарын байқаған қызметкерлер немқұрайлы қарамай, бірден полицияға хабарлаған. 

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, тексеру жүргізді. Медициналық куәландыру нәтижесі жүргізушінің алкогольдік мас күйінде болғанын растады. Азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша («Алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы») әкімшілік хаттама толтырылды. Баптың санкциясы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді.

Полиция азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдіреді және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мас жүргізушілерге төзімділік танытпауға шақырады.