Павлодарда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүргізуші жазаланды
Құқық бұзушылық «Ертіс» бақылау-өткізу пункті маңында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін көрінеу жалған түрде пайдаланып, Nissan автокөлігін басқарған жүргізушіні анықтады.
- Тексеру барысында автокөліктегі мемлекеттік нөмірдің бұған дейін есептен шығарылғаны белгілі болды. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты қажетті материалдар жинақталып, сотқа жолданды. Сот шешімімен жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айырылды, сондай-ақ бір тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деді облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Полиция жүргізушілерге заң талаптарын сақтаудың және тек ресми түрде тіркелген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланудың қажеттігін еске салады.