Павлодарда медицина қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталды

Павлодарда медицина қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталды
Фото: Константин Шелков

Бір топ ақ желеңдінің еңбегі жоғары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Денсаулық сақтау саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік және арнайы марапаттар тапсырылды.

Жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ақ халатты абзал жандарды төл мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңызын атап өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәрігерлерді бейбіт күннің батырлары деп атады. Ұлт саулығын нығайту бағытында өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 30 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, аудандық ауруханалар толықтай санитарлық көлікпен қамтамасыз етілді. Бүгінде бұл салада жеті мыңнан астам адам еңбек етуде. Түн ұйқысын төрт бөліп, мереке мен демалысқа қарамастан адам өмірін арашалау – үлкен ерлік, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі өз сөзінде медицина мамандарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістерге де тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде қорғауға арналған заң қабылданды. Бұл – сала мамандарының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам, – деді Асайын Байханов.

Аймақ әкімі дәрігерлер, мейіргерлер, жедел-жәрдем қызметкерлері  және сала ардагерлеріне алғыс білдіріп, олардың кәсібилігі мен жанқиярлығын ерекше атап өтті.

Отандық медицинаны дамытуға қосқан үлесі мен халық денсаулығын сақтаудағы елеулі еңбегі үшін бірқатар маманға құрмет көрсетілді. «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісімен салалық кәсіподақ облыстық филиалының төрағасы Салтанат Төлегенова, Май аудандық ауруханасының мейіргері Гүлзапран Далабаева және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы бөлімінің басшысы Людмила Смердова марапатталды.

Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне берілді. Олардың арасында жалпы тәжірибе мейіргерлері, зертханашылар мен дәрігерлер бар.

«Еңбек ардагері» медалі денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен төрт маманға табысталса, «Саланың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мен облыстық оңалту орталығының директоры Фарида Тұрақбаеваға берілді.

Сондай-ақ медицина саласының өркендеуіне айрықша үлес қосқан 11 қызметкер «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Олардың қатарында травматологтар, анестезиологтар, невропатологтар, балалар хирургтері, акушерлер және бөлімше меңгерушілері бар.

Кеш барысында арнайы аталым иелері де анықталды. «Алтын скальпель» сыйлығы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Рамазановқа бұйырса, «Алтын фонендоскоп» атағы Ақсу қалалық ауруханасының неонатолог дәрігері Татьяна Литовченкоға берілді. Ал «Өмір сыйлайтын алтын қолдар» аталымының иегері Павлодар облыстық перинаталдық орталығының қызметкері Ирина Красильникова атанды.

Бұдан бөлек, «Үздік стационар дәрігері», «Үздік алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігері» және «Медициналық колледждің үздік оқытушысы» аталымдары бойынша үздіктер марапатталды.

Шара соңында медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасылық амандық және толағай табыс тілеп, олардың қоғам алдындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.