Келесі жылы Май ауданы санитарлық автокөлікпен толығымен қамтылады
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байханов Май ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің сөзінше, Май ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақшиман және Ақжар ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы аяқталуда.
– Соңғы екі жылда 177 миллион теңге сомасына сегіз санитарлық автокөлік сатып алынды. Келесі жылы біз тағы да бес санитарлық автокөлікті сатып аламыз. Осылайша, ауданның барлық ауруханалары 100 пайыз автокөлікпен қамтамасыз етіледі, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ, биыл орталық аудандық аурухананың дренаж жүйесінің құрылысы мен шаруашылық блогын қайта құру жүргізілуде. Келесі жылы ғимараттың жылу жүйесін де жөндеу жоспарлануда.