Павлодарда мемқызметшілерге қызметті асыра пайдалануға тыйым салынатыны еске салынды

Павлодарда мемқызметшілерге қызметті асыра пайдалануға тыйым салынатыны еске  салынды

Павлодар облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Дина Әбілдинова «Атамекен» өңірлік палатасының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиында мемлекеттік қызметке немесе бизнеске байланысты мәселелер, мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылықтың алдын алу тақырыптары талқыланды. 

– Кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту – мемлекеттің басым міндеті. Сондықтан әдеп жөніндегі уәкіл ретіндегі міндетім – мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылықтың алдын алу бойынша, оның ішінде бизнес-қоғамдастықпен өзара қарым-қатынаста жұмыс жүргізу, – деді кездесуде Дина Әбілдинова.

Ол шенеуніктердің негізгі міндеттерін, соның ішінде, Қазақстан Конституциясы мен заңнамасын сақтау, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ету, өзінің барлық лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес функцияларды жүзеге асыру, қызметтік әдепті сақтауды еске салды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдалануға тыйым салынатынын атап өтті.

– Жергілікті және орталық билік органдары бүгінде кәсіпкерлік субъектілеріне түрлі мәселелер бойынша үлкен қолдау көрсетуде. Біз «Атамекен» ретінде бизнеске оның проблемаларын шешуге, оның ішінде мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты қолдауға жәрдемдесуге шақырамыз, – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Әдеп кодексінің, Қазақстан заңнамасының нормаларын бұзған жағдайда оған жүгінуге болатынын айтты.