Ақсу қаласында мүгедектігі бар жандарға жүзден астам жұмыс орны бөлінді

Ақсу қаласында мүгедектігі бар жандарға жүзден астам жұмыс орны бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі таңда қырыққа жуық адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Ақсу қалалық филиалының ресми парақшасының мәліметінше, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі кейбір азаматтар санаты үшін жұмыс орындарының квотасын белгілейді. Осы мақсатта «Кедергісіз келешек» атты партиялық жоба аясында Ақсу қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, сондай-ақ Мансап орталығы бірлесіп, облыс әкімдігінің қаулысымен белгіленген ұйымдардың кадр қызметкерлерімен кездесулер өткізді. 

Кездесудің мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылау.

– Ақсу қаласында 2025 жылы осы санаттағы азаматтарға 117 жұмыс орны ұсынылуы мүмкін 19 мекеме мен ұйым бар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Гафурованың хабарлауынша, қазіргі кезде 37 мүгедек азамат жұмыспен қамтылған, олардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарда. Тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілгендер тек 4 адам ғана. Бұл жағдай бос орындардың аз болуымен байланысты, – деді «AMANAT» партиясы Ақсу қалалық филиалының баспасөз қызметі. 

Кездесуге қатысушыларға мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік жұмыс орнына, алғашқы жұмыс орнына, жастар практикасына, сондай-ақ «күміс жас» бағдарламасына орналастыру мүмкіндіктері туралы түсіндірулер берілді. Бұл бағдарламалар бойынша жалақының бір бөлігі мемлекет есебінен төленеді.

– «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы – физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға бағытталған бастама. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінде де мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсарту және инклюзивті қоғам құру мәселелері жиі айтылады, – делінген хабарламада.

Жоба шеңберінде депутаттық фракция мүшелері әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының объектілерін үнемі мониторингтеп отырады. Мұндай шаралар мүгедектігі бар адамдардың қоғамға толықтай қатысуына, білім алуына және жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.