Павлодарда мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер шағын орта бизнесін сақтап қалды
Бұған дейін бизнес орналасқан ғимарат сатылымға шығарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Теремок» шағын орталығы 2022 жылы тіркелген және мемлекеттік тапсырыс бойынша 45 балаға қызмет көрсетеді. Орталықтың жобалық қуаты 60 баланы құрайды, болашақта кеңейту жоспарлары бар.
Жаңа ғимаратты жөндеу мен жаңартуды қаржыландыру «ДАМУ» қоры арқылы 21 пайыздық мөлшерлемемен және 85 пайыз кепілдікпен алынған. Кәсіпкер алынған қаражатқа жаңа ғимаратты жалға алып, балабақшаға косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа жиһаз сатып алды.
Орталық басшысы Лариса Плотникованың айтуынша, бұған дейін орналасқан ғимарат сатылымға шығарылғаннан кейін кәсіпкерге шұғыл түрде жаңа орын іздеу қажет болған.
– Біздің ұжым тәрбиешілерден, күтушілерден, әдіскерлерден, аспаздан, медбикеден және логопедтен тұрады. Барлығы 15 адам жұмыс істейді. Тәрбиешілердің еңбек өтілі 5-6 жылды құрайды. Балалармен жұмыс істеуде өздерін көрсете білген білікті мамандар, – дейді Лариса Плотникова.
Мектепке дейінгі білім беру және балаларға күндізгі күтім көрсету қызметтерін ұсынатын балабақшаға балалар «Индиго» жүйесі арқылы қабылданады. 2025 жылы мемлекеттік тапсырысты 15 балаға ұлғайту жоспарлануда, бұл жобалық қуаттылыққа 60 балаға қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
– Балалар бақшада күндізгі сағат 7:30-дан 19:00-ге дейін болады. Жолдама бойынша балалар үшін құны 43 мың, ал жолдамасы жоқ балалар үшін 75 мың теңгені құрайды, – деді орталық басшысы.
Бүгінгі күні топтардың толу деңгейі 100 пайызды құрайды. Бос орындар пайда болған кезде кезекте тұрған балалар бірден қабылданады. Қазіргі уақытта әрқайсысында 15-18 баладан тұратын төрт топ жұмыс істейді.