Павлодарда мереке күндері жаңа жылдық шыршалар ерекше бақылауға алынады
Мереке аяқталғанша құтқарушылар кезекшілік етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа жылдық мерекелер кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті. Әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда қауіп-қатер деңгейі артады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлімдеді.
– Жаңа жылдық мерекелер кезінде қауіп деңгейі жоғарылайды. Сол себепті мерекелік шыршалар өтетін орындар мен көпшілік жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптары қатаң сақталуы тиіс, – деді ол.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өңір бойынша жаңа жылдық іс-шаралар өтетін 571 нысан департаменттің бақылауында тұр. Бүгінгі күнге дейін 160-тан астам нысанда тексеру жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты 43 ұсыным берілген. Анықталған барлық кемшіліктер сол мезетте жойылған. Ал 126 нысан талаптарға толық сай деп танылды.
Сонымен қатар нысандардың басшылары мен қызметкерлерімен 171 профилактикалық шаралар өткізіліп, жалпы мыңнан астам адам қамтылды.
Сонымен қатар облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өтетін жаңа жылдық бас шыршада, сондай-ақ Мемлекет басшысы атынан ұйымдастырылатын мерекелік іс-шарада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Мерекелік шаралар қаладағы «Ертіс» қонақ үй кешенінде өтеді.
– 24-26 желтоқсан аралығында аталған нысанда инспекторлық құрамның тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылады. Сондай-ақ мерекелік алаңдарда өрт сөндіру техникасы қойылады, – деді Қайрат Шаймарденов.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жаңа жылдық іс-шаралар кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр.