Павлодарда негізгі көшелердегі үйлердің келбеті өзгереді

Павлодарда негізгі көшелердегі үйлердің келбеті өзгереді
Фото: Аяужан Жетес

Лермонтов көшесіндегі 20 көпқабатты үйдің қасбетін жаңарту көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаны облыс әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапары барысында аймақтағы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазинов таныстырды.

Қазіргі уақытта шығыс жағындағы 11 үй жоба аясында қамтылып, оларда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша үйлерді жаңарту кезінде қасбеттік панельдер қолданылып, ғимараттар төрт жағынан қапталады. Облыс әкімі жұмыстар барысында ғимараттардың айналасына ғимараттың айналасындағы су өткізбейтін жиек жасауды да қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл үйлердің маңында қар мен мұздың жиналуын болдырмауға мүмкіндік береді.

– Соңғы жылдары қатты желдің жиілегенін көріп отырмыз. Сондықтан қауіпсіздік пен беріктік тұрғысынан бекіту элементтеріне ерекше назар аудару қажет. Бұл жерде конструкцияның желге қарсылығы төмен, себебі үйлер қаланың шетінде емес, орталығында орналасқан. Мұнда шеткі аудандардағыдай қатты жел болмайды. Дегенмен бұл факторды жұмыстар кезінде міндетті түрде ескеру қажет, – деді Асайын Байханов.

Мамандар климаттық өзгерістердің ықтимал әсерін ескеріп, қатаң бекіту конструкциясын қолданған. Қаптау жұмыстары кезінде ұзындығы 12 сантиметр, диаметрі 8 миллиметр болатын арнайы қасбеттік бұрандалар пайдаланылады.

Облыс әкімі қаланың визуалды келбетін, оның ішінде жарнамалық конструкциялар мен маңдайшаларды бірыңғай стандартқа келтірудің маңыздылығын да атап өтті. Бұл бағытта бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізу қажет.

– Облыстық мәслихат депутаттарымен бірге абаттандырудың жаңа ережелері бекіттік. Осы ережелерге сәйкес барлығын дизайн-код талаптарына сай бірыңғай стандартқа келтіру керек. Бірден айыппұл салудың қажеті жоқ, келіссөз жүргізу қажет. Бірыңғай стандарт болмаса, бұл қаланың көркіне нұқсан келтіреді, – деп тапсырды өңір басшысы.

Мердігерлер жұмыстарды күздің соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту тәжірибесін облыс орталығының басқа көшелеріне де тарату жоспарлануда.

Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес жыл сайын кемінде 50 тұрғын үй нысанын жаңарту жоспарланып отыр.

– Жыл сайын негізгі көшелердегі – Сәтбаев, Торайғыров, Назарбаев, Катаев, Қамзин көшелеріндегі үйлерді жаңартуға қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте соларға көңіл бөлеміз. Кейін шағын аудандарға көшеміз, – деді Асайын Байханов.

Қасбеттерді жаңарту қалалық бюджет есебінен жүргізіледі, сондықтан тұрғындарға қаржылық салмақ түспейді.

Алдағы уақытта бұл мәселені мәслихат деңгейінде шешу жоспарланып отыр. Қиындықтардың бірі – қаланың, мысалы, елорда сияқты ерекше мәртебесінің болмауы. Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда бұл бағытта арнайы құрылым жұмыс істейді.

– Соған қарамастан, жыл соңына дейін тиісті құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Ол ұсыныстық сипатта болады. Құжат сәулет бөлімдері мен басқа да мемлекеттік органдар үшін, әсіресе коммерциялық нысандарды келісу кезінде бағдар ретінде қолданылатын болады, – деді өңір басшысы.

Әңгіме ғимараттардың қасбеттерін қалыптастыруға, белгілі бір материалдар мен түстерді пайдалануға қатысты бірыңғай тәсіл енгізу туралы болып отыр. Бұл «визуалды шудың» және тек Павлодарды ғана емес, жалпы көптеген қалаларды жайлаған ретсіз жарнаманың алдын алуға мүмкіндік береді.