Павлодарда неміс сарапшысы қонақ үй сервисі бойынша тәжірибемен бөлісті
Ол қаладағы сервис және тамақтану колледжінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығына Германиядан халықаралық Senior Experten Service жобасының сарапшысы, қонақ үй сервисі маманы Хелен де Вольф тәжірибе алмасу, студенттер мен оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту және халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында келді.
Сарапшы колледжде шеберлік сағаттарын өткізіп, оқу бағдарламаларына бағалау жүргізіп, студенттердің тәжірибелік дайындығын көрді. Сондай-ақ білім алушыларға қонақ үй индустриясындағы заманауи менеджмент әдістерін үйретті.
Білім ордасының қызметкерлерінің айтуынша, сарапшының келуі студенттердің кәсіби өсуіне және халықаралық чемпионаттарға дайындықтарына ерекше серпін бермек. Биыл алғаш рет оқу орнының студенті Максим Байер Астанада өтетін WorldSkills – 2025 ұлттық чемпионатында өңір намысын қорғайды.

Хелен де Вольф өз кезегінде Қазақстанның туризм және қонақжайлылық саласында зор әлеуетке ие екенін атап өтті.
– Қазақстанда ішкі және халықаралық туризмнің дамуына үлкен мүмкіндік бар. Елдің мәдени байлығы, табиғи сұлулығы және халықтың қонақжайлығы – бұл саланың басты күші, – деді ол.
Сапар барысында ол облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жыл сайынғы фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысты. Ол елімізде тұратын 150-ден астам ұлт өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүруін жоғары бағалап, жастардың патриоттық тәрбиесінен ерекше әсер алғанын жеткізді.

Айта кетейік, Хелен де Вольф 1987-1992 жылдары Нидерландының Маастрихт қаласындағы қонақ үй менеджменті мектебінде магистр дәрежесін алған. Бұған дейін ол Неймеген католик университетінде заңгер мамандығы бойынша оқыған.
Павлодар сервис және тамақтану колледжі SES бағдарламасымен 2015 жылдан бері ынтымақтасып келеді. Осы жылдар ішінде оқу орнына мейрамхана қызметі мен аспаздық ісі бойынша бірнеше шетелдік сарапшы келіп, өз тәжірибесін бөлісті.
Фото: Павлодар сервис және тамақтану колледжі