Павлодарда оқушылар архивтің құпиялы әлемімен танысты

Павлодарда оқушылар архивтің құпиялы әлемімен танысты
Фото: Константин Шелков

Мемлекеттік архивте өткен ашық есік күні барысында жастарға тарихи мұраларды сақтау жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 қыркүйекте Қазақстанның барлық архивтерінде бірыңғай акция өтті. Осы күні Павлодар облысының Мемлекеттік архиві де келушілерге есігін айқара ашты.

– Архив білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бізге «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің өкілдері келді. Олар үшін «Архив – тарихқа қосқан үлес» атты сабақ өткізілді. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының мүшелеріне арнайы іс-шара, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері мен магистранттарына кездесу ұйымдастыру жоспарланған, – деді ғылыми-ақпараттық қызмет бөлімінің басшысы Баян Умарова.

Әр топқа архив қызметкерлері арнайы бағдарлама әзірлеген. Алдымен қонақтарға ғимарат бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Одан кейін облыстық архивте құжаттар арқылы сақталған тарихтың қалай қорғалатыны көрсетілді. Архив құжаттары жертөледе емес, арнайы жабдықталған жеке қабатта сақталады.

Мамандар тарихи материалдарды сақтау тәсілдері туралы айтып, олардың өткенді зерттеудегі маңызына тоқталды.

2025 жылы Мемлекеттік архив ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Құжаттар сақталатын қоймадағы ағаш төсемнің орнына құйма еден төселіп, көбікті өрт сөндіру жүйесі орнатылды.

Тарихи құжаттарды сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары облыстық архивтен тыс жерлерде де жалғасуда. Павлодар ауданындағы архив қызметкерлеріне қосымша ғимарат берілді.