Павлодарда «Оян, Қазақ!» фильміне билет қалмады
Екі сағаттың ішінде билет толығымен сатылып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
21 қыркүйек күні премьерасы өткен Міржақып Дулатұлы жайлы «Оян, Қазақ!» драмалық фильмі еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілді. Алайда бұл фильмнің Павлодар қаласында көрсетілмейтіні тұрғындар тарапынан наразылық тудырған.
«JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділовтың айтуынша, мұндай драмалық фильмдерді жергілікті кинотеатрлар көрсетпейтіні жасырын емес.
– Кинотеатрлардың мұндай фильмдерді көрсетпеуінің себебі – сұраныс аз. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков кинотеатр басшылығымен келісіп, мәселе оң шешімін тапты. «Оян, қазақ!» фильмі үш күн көсетілетін болады. Айта кетерлігі, бүгінгі сеансқа билеттер қалмаған. Билеттер сатылымға шыққаннан соң екі сағат ішінде фильм сүйер қауым билеттерді сатып алған, – дейді Данияр Жұмаділов.
Халықтың сұранысын байқаған кинотеатр басшылығы ертеңгі көрсетілімді екі залда өткізбек.
Айта кету керек, 21 қыркүйек көрсетілімге шыққан фильм 2 қазан күні «Batyr Mall» ойын-сауық орталығында көрсетіледі. Фильм үш күн бойы көрсетіледі деп жоспарлануда.