Павлодарда оқушылар қазақ халық күйлерін орындаудан сынға түсті
№ 7 мектепте «Күй шебері» байқауының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, «Жас өркен» балалар шығармашылығы фестивалі облыстық «Бастау Fest-2023» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы фестивалі аясында жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған. Фестивальде оқушылар «Ғажап жұлдыздар» хореографиясы, «Алтын микрофон» вокалдық өнері, «Күйшілер» жас күйшілері, «Театр - шығармашылық – талант» театр өнері, «Жас тұлпар» айтысы, «RekGo» медиа жобалары бойынша конкурстарға қатысуды жалғастыруда.
Байқаудың облыстық турына № 21 мектептің 8-сынып оқушысы, қалалық байқаудың жеңімпазы Хамит Ниязбек жолдама алды.
– Қатысушылар байқауға жауапкершілікпен қарады, олардың арасында жақында ғана домбырада ойнай бастағандар да бар. Балалардың халық аспаптарын жақсы көретіні, күйлерді үйренетіні қуантады. Оқушылардың орындауындағы туындылардан құстардың әнін, табиғаттың сұлулығын, ішкі дүниені немесе адамның ішкі жай-күйін сезуге болады, – дейді «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының әдіскері Диана Баязитова.
Байқауға қаланың 17 жалпы білім беретін мектебінің 5-11-сыныптарының 22 оқушысы қатысты. Байқау ережесіне сәйкес жас күйшілер Құрманғазының «Адай», «Сары-арқа» күйлерін және шертпе стилінде таңдауға болатын туындыны орындауы тиіс болды. Қатысушылардың орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Сәкен Тұрысбековтің «Ақ жауын», «Көңілді толқын», «Балбырауын» күйлері де орындалды.
Жас күйшілер сайысының қорытындысы бойынша 10 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде І орын - 1, ІІ орын - 4, ІІІ орын - 5. Бес қатысушы Құрмет грамоталарымен марапатталды.