Павлодарда жүргізушілердің тәртібін дрон қадағалауда

Павлодарда жүргізушілердің тәртібін дрон қадағалауда
Фото:pixabay.com/bt_real

Әуе камералары жол қозғалысы ережелерінің бұзу деректерін тіркейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында республикалық «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.

Облыс орталығында полиция қызметкерлері жол жағдайын бақылау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін дрондарды пайдалануда. Дрондар қаланың көшелерін әуеден бақылай отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейді. Олардың көмегімен қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу және жаяу жүргіншіге жол бермеу сияқты қауіпті құқықбұзушылықтар анықталады. Әрбір анықталған факті бойынша полиция жедел шаралар қабылдайды. Мұндай тәсіл өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп үлгерді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ортақ қауіпсіздік үшін жауапкершілік танытуға шақырады.

– Кезекті рейд такси жүргізушілерінің арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. Ерекше назар теміржол вокзалы аумағына аударылды, онда такси жүргізушілері «Тоқтауға тыйым салынады» белгісі тұрған жерде көліктерін тұраққа қояды, – деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бастығы Нұрлан Қарағожинов.

Рейд нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер анықталып, әрқайсысына әкімшілік хаттама жазылды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, заманауи технологияларды, соның ішінде әуеден бейнебақылауды қолдану жол қозғалысын бақылаудың тиімділігін айтарлықтай арттырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.