Павлодар облысында ірі қара малды тұқымдық түрлендіру бағдарламасы жүргізілуде

Бағдарлама етті бағыттағы ірі қара малдың өнімділігін арттыру мақсатын көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 5 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бойынша тұқымдық қайта құруға 2340 асыл тұқымды бұқа және 44 117 бас тауарлық аналық ірі қара мал қатысуда. Қатысу үлесі 26,8%-ды құрайды, бұл республикалық орташа көрсеткіштен (19,6%) едәуір жоғары.
Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан субсидиялар төлеу түрінде қолдау көрсетілді. Ағымдағы жылы тауарлық аналық ірі қара малмен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа 493,5 миллион теңге бөлінсе, ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды сатып алуға 132,3 миллион теңге қарастырылды.
Ведомствода атап өткендей, тұқымдық түрлендіру – жоғары өнімді тұқым өндірушілерді пайдалану арқылы малдың өнімділік сапасын жақсартуға бағытталған селекциялық жұмыстың тиімді әдісі. Осы бағдарлама арқылы өңір фермерлері мал өнімділігін арттырып, шаруашылықтарын дамыту мүмкіндігіне ие болып отыр.