Павлодарда патронаждың жаңа моделі іске қосылды

Павлодарда патронаждың жаңа моделі іске қосылды
фото: Константин Шелков

Орталық бұрынғы балалар кеңесінен өзгеше тұжырымдама бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ерте араласу және даму орталығының алғашқы тәжірибесін Павлодар қаласындағы №3 емхананың дәрігерлері енгізе бастады. Мекеме басшысы Алмас Кажиновтың айтуынша, орталықта жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетіледі. Басты мақсат – медициналық және әлеуметтік қауіп-қатерлерді азайту.

– Орталықта педиатр-дәрігерлермен супервизия жүргізіледі. Бұл – жүкті әйелдер, босанған аналар және сәбилерге арналған ерекше патронаждық бақылау. Денсаулығына байланысты қауіп-қатері бар науқастар біздің ерекше бақылауымызда болады. Әлеуметтік қауіптер – тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға, ал медициналық қауіптер – науқастардың денсаулығына байланысты анықталады. Кешенді бақылауды қамтамасыз ету үшін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді жұмылдыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Алмас Кажинов.

Қазіргі уақытта емханада 400-ге жуық болашақ ана мен 3 500 бес жасқа дейінгі бала тіркеуде тұр. Қауіп тобы анықталған: 15 әйел мен шамамен 50 бала ерекше бақылауға алынған.

Орталықты ашу үшін мамандар штаты кеңейтілген жоқ. Дәрігерлер жұмысты өз күштерімен ұйымдастырып, қосымша міндеттерді өз мойнына алды. Орталықты жоғары санатты дәрігер, 35 жылдық тәжірибесі бар педиатр Айнаш Қозыбаева басқарады. 

Маманның айтуынша, орталықтың бұрынғы балалар кеңесінен басты айырмашылығы – жүкті әйелдер мен балаларды бақылауда командалық кешенді тәсілдің қолданылуы.

– Соңғы уақытта денсаулығына байланысты қауіп-қатері бар жүкті әйелдердің саны артты. Бұрын әр педиатр өз учаскесінде жұмыс істейтін. Қазір орталық құрылымына бала дамуы кабинеті, ресурстық орталық, аудиологиялық және психофизикалық скрининг кабинеттері кіреді. Бұл – сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, нейросенсорлық бұзылыстар, есту проблемалары сияқты мәселелерді ерте кезеңде анықтау үшін қажет, – дейді педиатр.

Орталық жұмысында төрт патронаждық медбике мен бір педиатр-дәрігер жұмылдырылған. Әр медбике үйге барып, орта есеппен 50 жүкті әйел мен 300 баланы бақылайды. Мамандардың айтуынша, бұл – белгіленген норма, қосымша жүктеме жоқ.

Орталықтың тиімділігі нәресте өлім-жітімінің азаюына ықпал етеді деп күтілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми деректеріне сәйкес, соңғы алты айда бұл көрсеткіш 1 000 жаңа туған сәбиге шаққанда 5,9 промиллеге дейін төмендеген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 7,3 промилле болған.

Қыркүйек айына дейін осындай орталықтар облыстағы барлық емханалардың жанынан ашылады.

Фото: автор