Павлодарлық ұялы телефонды аяқ киімге жасырып, изоляторға өткізбек болды
Құқықбұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде екі бірдей түзету мекемесінде тыйым салынған заттарды жасырын жеткізу фактілері анықталды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері заңсыз әрекеттердің жолын дер кезінде кесті.
№63 мекемесінде сәлемдемелерді қабылдау кезінде 20 жастағы азамат қамаудағы адамға азық-түлік әкелген. Тексеру барысында қызметкерлер күдік тудырған қысқы аяқ киімді мұқият қарап, оның ішіне жасырылған ұялы телефонды тапты. Құқықбұзушыға әкімшілік хаттама толтырылып, тыйым салынған зат тәркіленді.
Ал №46 мекемесінде өндірістік аймаққа кірген Volvo маркалы көлікті тексеру кезінде автокөлік тартпасында Oppo маркалы телефон мен қуаттағыш табылды. Жүргізуші құрылғыларды режимдік объектіге жасырын өткізбек болған. Аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып, заттар тәркіленді.
Мамандар облыс тұрғындарына тыйым салынған заттарды түзету мекемелеріне жеткізу заңмен қарастырылған жауапкершілікке әкелетінін тағы бір мәрте ескертті . Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін түзету мекемелерінде бақылау шаралары күшейтілген.