Павлодарлық қария қажылыққа жинаған қаржысын мүгедек балаларға берді

Павлодарлық қария қажылыққа жинаған қаржысын мүгедек балаларға берді
Фото:pixabay.com/Konevi

93 жастағы қария басты арманынан денсаулығына байланысты бас тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Сағадат Жұмабаев есімді қария – бүгінде қаладағы қарттар үйінің тұрғыны. Жастайынан отбасын құрып, бала сүйгенімен, бүгінде жасы келген шақта жалғыз қалған. Әйелі мен балалары ертерек өмірден өткен. Қарттар үйіне 2011 жылы келген ол кейінгі жылдары қажылыққа бару үшін зейнетақысын жинай бастаған. Алайда денсаулығы сыр бергендіктен қасиетті сапарға баруға шамасы келмеген.

– 2022 жылы паспортымды жаңартып, баруға дайын болдым. Бірақ жасым 65-тен асып кеткендіктен, баруға рұқсат берілмеді. Қазір денсаулығым да бұрынғыдай емес. Енді мені Меккеге кім жетектеп апарады? Сол себепті, қажылыққа жинаған қаржымды көмекке мұқтаж балаларға беруді жөн көрдім, – дейді қария.

Оның айтуынша, бұл шешімді қабылдауға анасына деген сағынышы себеп болған. Сағадат ата-анасынан ерте айырылып, ана махаббатының қадірін кейін ұққанын айтады.

– Қазір мына аналарға қарап жаным ауырады. Балаларын үйде бағып отырған аналар күні-түні ұйықтамай, өз денсаулығын ұмытып кетеді. Олардың бір сәт демалуға да уақыты жоқ. Сол себепті, соларға аз да болса көмек болсын деп ақшамды тең бөліп беруді ұйғардым, – деді ол.

Ата жинаған 14 жыл ішінде 3,6 миллион теңге ақша жинаған. Ол қаражат Болашақ түзету орталығының 30 тәрбиеленушісіне берілді. 

– Біз бұл кісінің ешқандай туысы емеспіз. Бірақ адамгершілігі мен жүрегінің кеңдігі бізді бей-жай қалдырмады. Қарияның ниетін орындауға барынша көмектесіп жатырмыз, – деді атаның көршісі Дамир Акпар.

Сағадат ата жастарға да ақ батасын беріп, адал қызмет етіп, халықтың қамын ойлайтын азамат болуға тілек білдірді.