Павлодарда пластмасса өндіретін цехтың шатыры өртенді

Павлодарда пластмасса өндіретін цехтың шатыры өртенді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Өрт шамамен 550 шаршы метр аумақты қамтып, оны сөндіруге 22 адам мен жеті техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Циолковский көшесіндегі кәсіпорындардың бірінің аумағында болған. Бір қабатты ғимарат шатырының жанғаны туралы хабарлама «101» пультіне түсті.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер пластмасса бұйымдарын өндіретін цехтың шатырындағы жалынды сөндіруге кірісті. Өрт шамамен 550 шаршы метр аумаққа таралған.

– Өртті сөндіру барысында шамамен 100 шаршы метр аумақта шатырдың бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға орнында жедел штаб құрылды, – деді ведомствода.

Өртпен күресуге ТЖД өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері қатысты. Барлығы 22 адам мен жеті техника жұмылдырылды.

Өрт бір сағат 20 минут ішінде толық сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.