Павлодарда тариф пен сатып алуға қатысты монополистерге қомақты айыппұл салынды

Павлодарда тариф пен сатып алуға қатысты монополистерге қомақты айыппұл салынды
Фото: жи

Тексеру қорытындысы бойынша бірнеше сатып алу рәсімінің нәтижесі жойылып, қайта сатып алу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста табиғи монополия субъектілерінің қызметіне жүргізілген бақылау барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды. Ағымдағы жылдың сегіз айында ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті төрт жоспарлы тексеру жүргізген. Оның үшеуінен заң бұзушылықтар анықталған.

Департамент басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, тексерулер заңды тұлғалардың сатып алу рәсімдеріне қатысты өтініштері негізінде жүргізілген.

– Тексерулердің барлығы заңды тұлғалардың сатып алу рәсімдеріне қатысты өтініштері негізінде жүргізілді. Бірқатар коммуналдық кәсіпорында заң бұзушылықтар анықталды, – деді Нұрлан Нұрмұратов.

Тексеру қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сатып алу рәсімдерінің нәтижелері жойылып, қайтадан сатып алу туралы шешім қабылданды.

Жыл басынан бері уәкілетті орган 28 әкімшілік іс қозғаған. Олардың барлығы табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты. Анықталған бұзушылықтардың негізгі бөлігі тарифтік сметалардың орындалуына, техникалық шарттарды беру тәртібіне және сатып алу рәсімдеріне қатысты.

Жекелеген жағдайларда жасалған шарттардың бекітілген үлгілік шарттар талаптарына сәйкес келмейтіні де анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 62 миллионнан асады. 

Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, талдау барысында бекітілген шығындардың немесе инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шаралардың орындалмағаны анықталған жағдайда, мекеме тиісті әкімшілік шаралар қабылдай алады.

– Мұндай жағдайда тарифті төмендету немесе уақытша өтемдік тариф енгізу қарастырылады. Өтемдік дегеніміз - табиғи монополия субъектісі тұтынушылардан алған қаражатты бекітілген мақсаттарға толық жұмсамаған жағдайда қолданылатын тетіктердің бірі, – деді ол.

Департаментке келіп түсетін өтініштердің барлығы Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіп пен мерзімдерге сәйкес қаралады.

Ведомствоның мәліметінше, табиғи монополиялар саласындағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелердің орындалуына талдау жүргізіліп, заң талаптары бұзылған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.