Павлодарда полиглот ретінде түлеп ұшуға болатын мектептің мүмкіндіктері кеңейді

Павлодарда полиглот ретінде түлеп ұшуға болатын мектептің мүмкіндіктері кеңейді
Фото: автор

Қазір гимназиялық бастауыш мектепте лицензиялау кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда орналасқан «КЕО МЕКТЕБІ» – балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жеке білім беру ұйымы. Білім ордасының жетекшісі – тарих, экономика және құқық пәндерінің маманы, авторлық өлкетану бағдарламасының авторы Елена Кисанова. 

Жобаның негізі 2021 жылы бір ғана өлкетану үйірмесінен басталған. Қажетті құжаттарды жинап, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген соң алғашқы топ оқуға қабылданған. Бірнеше жыл ішінде жоба кеңейіп, облыстың Баянауыл, Успен, Шарбақты аудандарында, Ақсу қаласында 40-тан астам үйірме ашылды. Бүгінде ауылдық жерлердегі мыңнан аса бала «Artsport» және қосымша білім беру бағдарламалары арқылы тегін оқиды. Жалпы облыс бойынша оқушылар саны екі мыңнан асады, оның ішінде 700-ден астам бала мемлекеттік қаржыландырумен қамтылған.

Мектепте балалар робототехника, танымдық математика, менталдық арифметика, шет тілдері, өлкетану, грек-рим күресі, үстел теннисі және көркем-шығармашылық бағыттар бойынша оқиды. Барлық кеңсе тауарлары, үйірмелер, жол шығындары мектеп есебінен төленеді. 

– Ата-аналар ештеңеге ақша жұмсамайды. Біз оқушыларымызды толықтай қамтамасыз етеміз. Соңғы жылдары ауыл оқушылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдеге ие болып, Түркия мен Грузияда өткен конкурстарға қатысты, – деді Елена Кисанова.

Мектеп басшысы 2014 жылы өзінің авторлық өлкетану бағдарламасын әзірлеген. Бағдарлама археология мен өлкетануды біріктіреді. Бағдарлама бірнеше рецензиядан өтіп, Астанада ғылыми тұрғыда мақұлданған.

– Балалар туған жерін танымай тұрып, елін сүйе алмайды. Сондықтан біз ең алдымен өз өңірінің тарихын үйретеміз, – деді ол. 

Биыл «КЕО МЕКТЕБІ» мектепке дейінгі екі дайындық тобын ашты. Қазір 1-4-сыныптарға арналған гимназиялық бастауыш мектепті лицензиялау кезеңі жүріп жатыр. Бұл сыныптар толықтай тегін болады, себебі мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады. Бастауыш мектепте ағылшын, неміс, қытай және түрік тілдері тереңдетіліп оқытылады. Сабақты жергілікті педагогтармен бірге шетелдік мамандар мен үш профессор жүргізеді. Мектеп балалардың білімінен бөлек тәрбиеге, мәдениетке және қарым-қатынас мәдениетіне ерекше мән береді. 

Мектептің жетілдіруіне «Даму» қоры арқылы берілген мемлекеттік қолдау да ықпал еткен. Кәсіпкер қор арқылы 140 миллион теңге несие алған, оның 19 пайыз мөлшерлемесінің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. 

– Мемлекет қолдауының арқасында мектептің мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларға одан да жайлы орта құра алдық. Несие мен субсидиялар бізге заманауи жабдық алуға, оқу бағдарламаларын жақсартуға және қосымша бағыттар ашуға мүмкіндік берді, – деді мектеп басшысы.

Қазір мектепте спорт залы, хореография кабинеті, толық жабдықталған медкабинет бар. Ата-аналар орталықты жайлы атмосферасы, білікті мамандары, заманауи бағдарламалары және балаларға деген жылы қарым-қатынасы үшін жоғары бағалайды. «КЕО МЕКТЕБІ» өз миссиясын – баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, өз өңірін танитын, ойлайтын, талдайтын жаңа буынды қалыптастыру деп санайды.