Павлодарда жеке желілердегі ақау салдарынан шағын аудандар сусыз қалуы мүмкін

Павлодарда жеке желілердегі ақау салдарынан шағын аудандар сусыз қалуы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар меншік иелерін су құбырларындағы ысырмаларды уақтылы тексеруге және техникалық тұрғыда күтіп-ұстауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС мәліметінше, жеке су құбыры желілерінде апат орын алып, олардағы ысырмалар жарамсыз болған жағдайда, зақымданған учаскені бөлек өшіру мүмкін болмайды. Соның салдарынан апаттық бригадалар тұтас шағын аудандарды сумен жабдықтауды тоқтатуға мәжбүр болады.

Мәселен, 15 қазанда жеке меншік ысырманың ақаулығы мен жүйеге рұқсатсыз араласу салдарынан Усолка шағын ауданы 6 сағаттан астам уақыт сусыз қалған болатын.

Коммуналшылар «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларына» сәйкес, жеке тұлғалар мен ұйымдардың теңгеріміндегі желілер мен ысырмаларды күтіп-ұстау тікелей меншік иелерінің жауапкершілігінде екенін ескертеді.