Павлодарда мас күйде қайық басқарған ер адамға қылмыстық іс қозғалды

Павлодарда мас күйде қайық басқарған ер адамға қылмыстық іс қозғалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ертіс өзенінде алкогольдік масаң күйде шағын көлемді кеме басқарған азамат ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Заң бұзушылық Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шарасы кезінде анықталған.

Тексеру барысында 1977 жылы туған ер адамның шағын көлемді кемені мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Ол медициналық куәландырудан өткізілді.

– Аталған факті бойынша Солтүстік полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 358-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұл бап алкогольдік масаң күйдегі адамның әуе, теңіз, өзен немесе шағын көлемді кемені басқаруы үшін жауапкершілікті көздейді, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері алкогольдік немесе өзге де масаң күйде кеме басқару жүргізушінің өзіне де, айналасындағы адамдарға да қауіп төндіретінін ескертті.

ТЖД мәліметінше, өңірдегі су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен профилактикалық және рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылды.