Павлодарда прокуратура органдарына қызметке орналасуға ниеттілерге іріктеу жарияланды
10 шілдеден 10 тамызға дейін прокуратура органдарына алғаш рет қызметке кіретін адамдар үшін бастапқы кәсіптік даярлыққа іріктеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық прокуратурасының мәлімдеуінше, үміткерлер мына негізгі талаптарға сай болуы керек.
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы.
2. 18 жастан бастап, бірақ 35 жастан аспауы қажет.
3. Жоғары ЗАҢГЕРЛІК білім.
Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге қатысу үшін үміткерлер:
1) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (құқық қорғау қызметінің лауазымдарына арналған 1 бағдарлама бойынша) заңнамаға тестілеуден, және жеке қасиеттерін бағалаудан өту (құқық қорғау қызметінің лауазымдарына арналған 2 бағдарлама бойынша);
2) прокуратураға келесі құжаттарды тапсыру:
- белгіленген үлгідегі өтініш;
- ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- білімі туралы құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ "Білім туралы" Заңына сәйкес нострификациялау немесе тану рәсімінен өткенін растайтын құжаттар (шетелдік білім беру мекемелері берген дипломдар үшін, салыстыру үшін түпнұсқалары);
- жақын туыстарын, оның ішінде белгіленген нысан бойынша бұрынғы жұбайларын көрсете отырып, өз қолымен жазылған толық толтырылған өмірбаян;
- кез-келген аймақта қызмет етуге келісім беру туралы өтініш;
- әскери билет немесе тіркеу куәлігін тапсыруы қажет.
- Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу келесі кезеңдерді қамтиды:
- Іріктеуге қатысуға ниет білдірген азаматтар прокуратура органының аумақтық бөлімшелерінде әңгімелесуден, әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан және полиграфологиялық зерттеуден өтуі қажет. Сонымен қатар, бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында емтихан тапсырады, - делінген хабарламада.
Алғашқы кәсіптік даярлық мерзімі 1 жыл (Академияда 6 ай оқу + 6 ай тағылымдама). Кәсіптік даярлықтан өту кезеңінде кандидаттар 40 532 теңге мөлшерінде стипендиямен қамтамасыз етіледі. Әрі табысты аяқтаған кандидаттар құқық қорғау қызметіне қабылданады. Бұл ретте лауазымға тағайындау бір мезгілде сыныптық шен беріле отырып, сынақ мерзімінсіз жүргізілетін болады.
Құжаттарды қабылдау Лермонтов көшесі, 3 мекен-жайы бойынша жүргізіледі (Павлодар облысының прокуратурасы).
Байланыс телефондары: 8(7182)315080, 315082, 87017006828, 87476155900