Павлодарда рұқсатсыз жүк тасымалдаған кәсіпкерге айыппұл салынды
Сот халықаралық тасымал талаптарын бұзғаны үшін жеке кәсіпкерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы кедендік ресімдеу орталығында көліктік тексеру барысында «VOLVO FH» маркалы жүк көлігі мен «KOGEL» тіркемесі тоқтатылды. Көлік Литва – Қазақстан бағыты бойынша депиляцияға арналған балауыз тасымалдаған.
Тексеру кезінде тасымалдаушыда халықаралық автокөлік тасымалы үшін тіркемеге қажетті рұқсат құжаты болмағаны анықталды.
Сот отырысында жеке кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады.
Сот халықаралық жүк тасымалдау тек тиісті құжаттар болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде кәсіпкердің әрекеті ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды.
Жазаны тағайындау кезінде сот құқық бұзушының кінәні мойындауын, өкінуін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Сот қаулысымен кәсіпкер кінәлі деп танылып, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Жеңілдететін мән-жайларға байланысты айыппұл 30%-ға қысқартылып, түпкілікті сомасы 75 688 теңгені құрады.
Қаулы заңды күшіне енді.