Павлодарлық студенттер туризмді дамыту бойынша өз жобаларын ұсынды

Павлодарлық студенттер туризмді дамыту бойынша өз жобаларын ұсынды

Байқауға облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінен жасақталған командалар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

"Туризм, алға!" деген атпен ұйымдастырылған байқау Торайғыров университетінде өтті. Ол халықаралық туризм күніне орайластырылды. Шара туризм саласындағы кәсіби әлеуетті ашу, зияткерлік-танымдық және туристік қызметті ынталандыру, үздік студенттерді анықтауды мақсат етті.

- Бүгін халықаралық туризм күні. Осыған орай Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы Торайғыров университетімен бірлесіп студенттер арасында жыл сайын өтетін "Туризм, алға!» байқауын ұйымдастырды. Биылғы жылы 12 іс-шара жоспарланған, оның ішінде біз студенттерді де естен шығармадық, - дейді облыстық туризм,  кәсіпкерлік және индустриялық-иновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетов.

Торайғыров университетінің 4 курс студенті Айша Бақытова болашақ географ. Студент мұндай шаралардан қалыс қалмайтынын айтады.

- Мен өзімнің бағымды сынап көрейін дедім. Менің ойымша, бұл облыстағы туризм саласын дамытуды, осы мақсатта ұсынылатын жаңа жобаларды қалай іске асыруға болатынын көрсететін жақсы мүмкіндік – дейді студент.

Байқау үш кезеңді қамтыды. Онда команданы әзіл түрінде таныстыру, викторина және жобаны қорғау.

- Менің командамның "Дәуір" жобасы Павлодар облысының экожүйесін және оның өсімдіктерін дамытуға бағытталған. Байқау туралы бізге соңғы аптада хабарланды, бірақ дайындыққа екі күн жеткілікті болды, – деді тағы бір қатысушы.

Бірінші орынды Павлодар сервис және тамақтану колледжінің "Туристік қағанат" командасы иеленді. Ал екінші орынды Торағыров университетінің "Дәуір" командасы еншілесе, жүлделі үшінші орынға Ә.Марғұлан атындағы ППУ-дың "Қазақша туризм" командасы лайықты болды.