Павлодарда сайлауда мүмкіндігі шектеулі жандар қалай дауыс беруде

Павлодарда сайлауда мүмкіндігі шектеулі жандар қалай дауыс беруде
Фото: Ақмарал Есімханова

Павлодардағы №97 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз бетінше дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сайлау учаскесі зағип және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана ғимаратында орналасқан.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ермұрат Ордабаевтың айтуынша, комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – барлық азаматтар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

– Учаскелік сайлау комиссиясының маңызды міндеттерінің бірі – барлық азаматтар үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Біздің учаскеде сайлаушыларға өз таңдауын өз бетінше жасауға мүмкіндік беретін арнайы техникалық құралдар қолданылады, – деді Ермұрат Ордабаев.

Осындай құрылғылардың бірі – тифломаркер. Бұл көру қабілеті бұзылған адамдарға сайлау материалдарын өз бетінше бағдарлауға мүмкіндік беретін арнайы электронды құрылғы.

Құрылғы мынадай тәртіппен жұмыс істейді: арнайы тифломаркалар бюллетеньге қойылатын трафареттегі мәтінмен сәйкестендіріледі. Сайлаушы тифломаркерді трафареттің тиісті жолына жақындатқанда, құрылғы алдын ала жазылған ақпаратты дыбыстап береді.

Құлаққап қолданған жағдайда дыбыстық ақпаратты тек сайлаушының өзі естиді. Бұл дауыс беру құпиясын сақтауға мүмкіндік береді.

– Тифломаркерді екінші рет сайлауда қолданып отырмыз. Ол көру қабілеті бұзылған азаматтарға сайлау материалдарымен өз бетінше жұмыс істеуге көмектеседі. Құрылғыны тиісті белгіге жақындатқанда ақпарат дыбысталады. Егер адам құлаққап пайдаланса, оны тек өзі естиді. Осылайша дауыс беру құпиясы мен азаматтың таңдауының құпиялылығы сақталады, – деп түсіндірді комиссия төрағасы.

Оның айтуынша, учаскеде барлығы 1916 сайлаушы тіркелген. Олардың арасында әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

– Тізімде мүмкіндігі шектеулі 21 сайлаушы бар: олардың 18-інің көру қабілеті бұзылған, үшеуі мүгедектігі бар адамдарға арналған арбамен қозғалады, тағы үшеуінің есту қабілеті бұзылған. Олардың кейбірі учаскеге келіп, дауыс беруге өздері ниет білдірді. Ал учаскеге өздігінен келе алмайтын азаматтардан өтініш қабылдап, үйде дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырдық, – деді Ермұрат Ордабаев.

Сайлау учаскесінің орналасқан орны да көру қабілеті бұзылған азаматтардың қажеттіліктері ескеріле отырып таңдалған. Зағип және көру қабілеті төмен жандарға арналған мамандандырылған кітапханада қажетті инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар бар. Бұл азаматтардың ғимарат ішінде еркін бағдарлануына мүмкіндік береді.

Комиссия төрағасының айтуынша, жалпы учаскеде сайлаушылардың белсенділігі жақсы.

– Қазіргі уақытта белсенділік жақсы. Адамдар келіп, амандасып, дауыс беріп жатыр. Көңіл-күйлері де жақсы. Ешқандай келеңсіздік жоқ, азаматтар тыныш келіп, өздерінің азаматтық борышын атқарып жатыр, – деді Ермұрат Ордабаев.

Сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр.